Қызыл кент. Паспорт объекта


 

- Толық сипаттама

- Фотогалерея

- Қолжазбалар

- Карта

- Материалдар

 


Толық сипаттама

Атауы: Қызыл Кеніш, Қызыл Кент, Қызыл Кент сарайы, Қызыл-Кенч сарайы, Қызыл-Гянч сарайы, Қыз Әулие, ойр. Xaslux. Ойратша атауы - Зая-пандита Намха-Джамцоның ойрат тіліндегі өмірбаянын талдауға негізделген болжам. Л.К.Чермактың айтуы бойынша «Кенч» сөзі қалмақтан шыққан деген аңыз болған (Чермак: 211).

Объект түрі: Будда ғибадатханасының қирандылары, жарты шар тәрізді буддалық сәулеттік ескерткіш, мүмкін монастырьдің (ойрат. Xeyid, süm-e) және резиденцияныкі.

Негізін  қалауы: Зерттеушілердің пікірінше, монастырьдің негізін қалаушылары Ойрат конфедерациясы құрамындағы Хошут қоғамдастығының басшысы Очирту Сэцен-хан да, Очирту Сэцен-ханның ағасы хошут ақсүйегі Хундулен-убаши де болуы мүмкін. Тақырыптық карталар бөлімін қараңыз. Хундулен-убаши Очирт пен Абылай Байбағастың әкесінің туған ағасы болған. Очирту мен Абылайдың өмірі туралы көбірек білу үшін Жоба аясындағы мақала бөлімін қараңыз. 

 

Негізі қаланған уақыт пен жағдайлар: Қызыл Кент XVII ғасырда қазақ даласының орталық, оңтүстік және шығыс бөліктерінде хошуттар үстемдік құрған кезде салынған. Бұл кезең сонымен қатар ойраттар мен моңғолдар арасында тибеттік буддизмнің таралуы және орнығуымен сипатталады. Тибет буддизмі ойраттардың шығыс моңғолдармен, сондай-ақ Тибетпен байланысын күшейтіп қана қоймай, олардың мәдени дамуына, яғни жазба мәдениетіне, тарихнамасына, өнерге, медицинаға және сәулет өнеріне араласа  отырып, ықпал етті. Шығыс монғолдары тибеттік буддизмді қабылдағаннан кейін, артынша ойрат ақсүйектері де оны қабылдай бастады. Тибет ламалары бұдан ертеректе ойраттар билеушілерімен байланыста болғанына қарамастан тек XVII ғасырдың басынан бастап қана ойраттар буддизмнің сары қалпақтылар дәстүрлерін ұйымдасқан түрде қабылдай бастады. Ойрат көшпелілерінде отырықшы сәулет құрылыстарын салу XVII ғасырдың ортасына дейін-ақ басталған еді. Ең ерте кездегі ойраттардың ғибадатханасы - 1616 жылдан бастап Дүрбет Далай Тайшының қаласы деп аталған Кабалғасун атты монастырь. Ертедегі будда монастырларының бірі - Ойрат ламасы Дархан-Цорджи негізін қалаған сумэ. Бұл монастырьдің қирандыларын XIX ғасырдың соңында Семей маңынан байқауға болатын. Дархан- Цорджийн-китті хошуттар, мүмкін Очирту-Сэцэн өз қамқорлықтарына алған болуы мүмкін, бірақ бұл туралы сенімді ақпарат жоқ. Монастырь, резиденция және бекініс қызметтерін атқарған орындардың бірі- Ердене Батыр қоңтайшы 1639 жылы Көбіксары аймағында салған қала. Археолог С.С.Черниковтың айтуынша, сол жылдары Хошуттың ірі және ықпалды ақсүйегі Очирту Кент тауларында шағын отырықшы ғибадатхананың негізін қалаған. Қызыл Кент XVII ғасырдың басынан бастап Торғұттар мен Дүрбеттердің ойрат топтары басып алған Ертіс өңірін Орал және Төменгі Еділ аймақтарымен байланыстырған негізгі жолдардың бірінде жатты. Ж.О.Артықбаев оны «қалмақ дәлізі» деп атайды (Артыкбаев 2001). 

Археолог С.Черников жергілікті тарихшы В.Никитиннің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Қызыл Кенттің негізі қалану тарихын сипаттайтын аңызды келтіреді. Осы аңыз бойынша, монастырьді, дәлірек айтсақ, резиденцияны қалмақтың жауынгері Айд батыр құрды, ол ойрат хандарының бірінің қызын ұрлап әкетіп (Никитиннің айтуы бойынша Қосан-Серен ханның),  40 жас жұбаймен бірге Кент тауларында жасырынады, мұнда ол қалмақтар мен қазақтар арасындағы бітпейтін шайқастан құтылудан үміттенеді.  Онда жастар өздеріне арнап, тұрақтап қалатын Қызыл Кент резиденциясын салады.  Біраз уақыттан кейін Айд батырды ағасы Тілеуке іздеп тауып, оны қазақтарға қарсы тұруға көндіруге тырысады, ол оның бұл ұсынысынан бас тартқан Айд батырды өлтіреді, бірақ өзі де көп ұзамай жаулармен шайқаста қаза табады (Черников 2018: 336; Никитин).

Десе де, Черников аңызға сенбей, монастырьдің пайда болуы туралы өзінің нұсқасын алға тартады. Герхард Миллердің мәліметтеріне сүйене отырып, Черников Очирту Сэцен хан атағын алып, өзінің ағасы мен бәсекелсі Абылайды Жайыққа ығыстырған соң, Абылай- киттен батысқа қарай бес күндік жерде өз ғибадатханасының негізін құрды деп болжайды. Черниковтың айтуы бойынша, Абылай-киттің батысында бірде-бір ірі ойрат ғимараты табылмағандықтан, мұндай жағдайда Қызыл Кент сөз болып отыр деп болжауға болады. Бұл нұсқаның кемшілігі - екі монастырьдің бір-бірінен 5 күнде жүріп өту қиынға түсетін 500 шақырым қашықтықта болуы ғана емес, сонымен қатар ол басқа дерек көздер арқылы расталмады.  Ж.О.Артықбаев пен Ж.Е.Смайылов бұл кезеңдегі Абылайдың көшпелі қоныстары мүлде басқа жерлерде болғандығын дәлелді  түрде алға тартып, бұл нұсқадан бас тартты. Бұл оларды басқа нұсқалар келтіруге итермеледі. Сонымен, Смайыловтың нұсқасы, кейінірек  И. В. Ерофеева да ұстанған  нұсқа бойынша Қызыл Кент ғибадатханасын хошут ақсүйегі Хундулен-убаши салған болуы мүмкін.

Мұны Зая-пандита Намхай-Джамцоның өмірбаянынан алынған бұлыңғыр мәліметтер көрсетеді, онда 1643 жылы Хундулен-убаши Хаслук аймағында көшіп жүрген, бұл аймақты Смайлов Кент тауларына сәйкес келетінін айтады. Артықбаев осы нұсқаны қабылдай отырып, оны Дүрбет Далай-Тайджиге басымдық бере отырып, толықтырады, оның пікірінше, Қызыл-Кенттің негізі қаланбай тұрып-ақ, онда будда сәулеттік ескерткіштері (ступа) пайда болған, кейінірек оның айналасына  ғибадатхана тұрғызылған.  

Қызыл Кент сарайына қатысты тағы бір оқиғаны 1986 жылы жергілікті тұрғын Ғ.Сәрсенбаев баяндаған. Бұл аңызды XIX ғасырдың соңында Ф. Щербин экспедициясының мүшелері Ақбай Жолды сұлтанның сөзінен жазып алған (Бейсенов 2017: 469). Никитин де осы сұлтанның (Ақпай) есімін атайды және бұл аймақ 1895 жылы бір жарым жүз жыл бойы оның иелігінде болғанын айтады (Орыс және славян археологиясы бөлімінің Еңбектері: 214). 

Осы аңыз бойынша 1697 жылы Аюкидің Жоңғар билеушісі Цеван-Рабданға ұзатылған қызы Сетержап Қызыл Кентке тоқтайды. Қызыл Кенттегі ғимараттардың кем дегенде біреуі қалыңдыққа еріп жүретін эскорттың салғаны, ал қуғынға ұшыраған, қоңтайшы  атағынан үміткер және Сібір халықтарының эпикалық ертегілерінің батыры атақты Шоно-Дабаның анасы оған осы жерде жүкті болса керек деп айтылады (Артықбаев 2001: 142). Сетержап туралы аты аңызға айналған нұсқаны, яғни оның аты-жөні белгісіз қазақ батырымен байланысы, осы байланыстан дүниеге келген Сетержаптың ұлы және оның басынан кешкен қиыншылықтары туралы Л.К.Чермак (Чермак 1908: 211-218) жергілікті қарт Мұхаметшенің сөзі бойынша баяндайды. Никитин бұл аймақ бұрын Ақбай сұлтанның арғы атасы Бұқай ханның иелігінде болған, ол мұнда сарай кирап қалған кезде тап келген. 

Қолданылған кезең: XVII ғасырдың ортасында Қызыл Кеніштің салынуы туралы нұсқа И.В.Ерофеева немесе Ж.О.Артықбаев сияқты бірқатар беделді зерттеушілердің қолдауына ие болды, бірақ ол әлі күнге дейін дәлелденген жоқ. Сетержап туралы әңгіме ескерткіштің кейінірек, XVII ғасырдың соңында, пайда болуына негіз бла алады. Алайда археологиялық зерттеулердің деректері ескерткіштің аз ғана уақыт қолданылғанын көрсетеді. Никитин жазып алған Ақбай сұлтанның айтқаны  бойынша оның атасы Жылды хан мен әкесі Сиил хан қолайсыз ауа-райы кезінде сарай ішіне өздерінің қойларын кіргізіп отырса керек. 

 

Негізгі қызметтері: Қызыл Кенттің қандай мақсатта салынғаны - даулы мәселе. Жалпы қабылданған көзқарас бойынша Қызыл Кент Хошут ақсүйектерінің бірі салған Будда монастырі болып табылады. Шынында да бас ғимараттың мандала пішіндегі құрылымы тибеттік тантр храмына ұқсайды. Ғибадатхананы қоршаған үй-жайлар, шамасы, тұрғын үй немесе қосалқы жай болған. Бір нұсқада, ғимараттардың бірі Будда архитектуралық діни ғимараты (ступа) (субурган) болуы мүмкін (бұл жөнінде Усманов, Беделбаевты 2017: 333 қараңыз). Тағы бір бөлмеде пеш пен астық тартқыш болған.

 

Діни бағыты: Көрнекті Будда ойшылы Дже Цонкапо Лобсан-Дакпа (1357-1419) негізін қалаған тибеттік гелукпа дәстүрінің буддизмі (тиб. Dge lugs pa) немесе сары қалпақтылар  дәстүрі (тиб. zhwa ser). Гелукпа - XVI ғасырдың соңынан бастап моңғолдар мен ойрат ортасында кең таралған тибеттік дәстүр. Тақырыптық карталар бөлімін қараңыз.

 

Жоспар: Ескерткіш қираған және жартылай қалпына келтірілген төрт құрылыс ғимаратынан тұрады, олардың бастысы мандала тәрізді крест пішінінде. Ғимараттардың қабырғалары бастапқыда өңделмеген әктастан тұрғызылып, сазды ерітіндімен жабыстырылған. Археологтар қазба жұмыстары кезінде ағаш кнструкцияларының қалдықтарын тапты. Бас ғибадатхана негізгі бөлмеден тұрды, оның екі жағы 12 метр, ал үш жағынан оған іргелес шағын бөлмелер болды.

Негізгі бөлменің ішінде күмбезді ұстап тұрған тіреуіштерге арналған граниттен жасалған негізі болды. Оңтүстіктен негізгі бөлмеге қарай бірнеше бағанадан тұратын діңмаңдайша жапсарлас жатты. Объектінің бізге жеткен алғашқы сипаттамалары ХХ ғасырдың 20- жылдарына тән. Ол кезде ескерткішті алдымен генерал С.В.Броневский, содан кейін Дерпт университетінің профессоры К.А.Мейер зерттеген еді. Соңғы зерттеушінің мәліметі бойынша, негізгі ғимараттың қабырғалары сазбен байланысқан дөрекі қашалған гранит тастардан тұрғызылған. 

Мейер ғимараттың барлық бөліктерінде екінші қабатқа арналған төбелердің бар екенін анық көргенін атап көрсеткен.  Қазірдің өзінде оның екінші қабаты да, шатыры да аман қалмады. Ғибадатханаға кіретін есік бар, ал негізгі бөлмеге іргелес жатқан кішігірім бөлмелер де есіктермен бөлінген. Солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс жақтағы бөлмелерде кішкентай терезелер болған. Ол бұл ғимараттың қызметін анықтайтын қандай-да бір безендіру немесе басқа да белгілерді байқамаған. Бірақ оның мәліметтері бойынша жергілікті қазақтар бұл жерді қасиетті деп санап, жылқының жүнін, қой жүнін және ескі шүберектерді құрбандық ретінде әкеліп, сырыққа байлап, ғимараттың діңмаңдайшасында қалдырып отырған (Ледебур және басқалар 1993: 331). 

Никитин үйдің кіреберісі «балконға ұқсайтын және алты ағаш баған ұстап тұрған» бастырманың астында орналасқан деп мәлімдейді. Бағаналардың биіктігі 4 аршынға дейін (шамамен 3 метр) болған. Негізгі бөлменің үстінде екінші қабат болған болу керек, мұны Никитиннің сипаттамалары да растайды. 

Діңмаңдайшаның құрылымы айқын көрініп тұрған, жартылай қираған бас ғимараттың фотосуреті сақталған. 1895 жылы ескерткішті зерттеген Никитиннің айтуынша, сол кезде басты ғимараттың сақталған қабырғаларының биіктігі бір сажыннан (шамамен 2 метр) аспаған. Негізгі ғибадатхананың дәл жанында тағы үш құрылыс орналасқан. Олардың бірі, мүмкін, бөлме емес, ступа немесе жерлеу құрылымы болса керек. Ол тоналып кеткен.  Тағы бір ғимарат тұрғын үй немесе шаруашылыққа арналған, бұған оның ішіндегі пештің қалдықтары дәлел бола алады. Соңғы бөлме тұрғын жай болуы мүмкін. Бұл діни ғимарат болған және онда құрбандықтар шалынған деген болжамдар (Усманова, Бедельбаева 2017: 333), біздің ойымызша, тибет-моңғол будда храмдарының табиғатына қайшы келеді. Бас ғимараттың алдында әлі де шұңқыр бар, ол бұрын құдық немесе жасанды су қоймасы болуы мүмкін. Никитин ХІХ ғасырдың аяғында онда айналасында қамыс өсіп кеткен тоған болған деп мәлімдейді. Фотогаллереяны қараңыз. 


 

Ландшафттың ерекшеліктері: Монастырь Кент тауларындағы Домалақтас тауының оңтүстік етегіндегі шатқалда, Қарағанды ​​қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 260 шақырым және Қарқаралы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 37 шақырым жерде салынған. Кенттің әдемі таулары Қызыл Кенішке солтүстік жағынан табиғи қорғаныс ретінде қызмет етті. Фотогалереяны қараңыз.


 

Қазіргі кездегі жағдайы: Қызыл Кеніштің қазба жұмыстарын 1985 жылы Ж.А.Смайылов пен А.З.Бейсеновтың басшылығымен Қазақ АССР Мәдениет министрлігіне қарасты «Казпроектреставрация» институтының қызметкерлері бастаған (Усманова, Беделбаева 2017: 331; Артықбаев 2001: 136). 2008-2009 жж. зерттеуді Қазақ ғылыми-зерттеу институтының көшпенділердің мәдени мұрасы бойынша зерттеуіне қатысушылары жалғастырды (жоба жетекшісі - институт директоры, т.ғ.к. И. В. Ерофеева). 1980 жылдары өткізілген қалпына келтіру жұмыстары кезінде іргетас қалдықтарының үстіне барлық ғимараттардың қабырғалары адам бойынан биік болып қаланды.  

Қауіп-қатер: Ескерткіштің құрылымдарын «қалпына келтіру» оны сақтап қалудың күмәнді тәсілі болып табылады. Оны сақтаудың ең жақсы тәсілі - бұл ескерткішті археологтар ашқан күйінде сақтау. Ескерткіш қазір республикалық маңызы бар объектілер тізіліміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Оның жанындағы демалыс аймағы қоршалып, жақсартылған. Бұған қарамастан, ойраттардың немесе жоңғарлардың бұқаралық санада кең таралған жағымсыз бейнесі салдарынан ескерткішке вандализм немесе бұзылу қаупі төніп тұр.


 

Ең жақын елді мекен: Объект Қарқаралы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 37 шақырым жерде орналасқан. Фотогалереяны қараңыз. Объектінің өзінде ғимарат жоқ. Тек жаппа мен ақпараттық стендтер ғана бар.


 

Басқа объектілер: Солтүстік-батысқа қарай 3 шақырым жерде тағы бір маңызды археологиялық орын бар, ол -соңғы қола дәуіріндегі Кент қалашығы. Фотогалереяны қараңыз. 

 

Кент ауылы: Шағын елді мекен (шамамен 30 үй). 

 

Жолы: Қарқаралыдан Қарағайлы ауылына дейін A345 және R-200 асфальт жолға дейін жетуге болады. Қарағайлыдан Кент ауылына және одан әрі Қызыл Кентке дейін жаңбыр мен тасқын кезеңінде су басып қалатын қара жол бар. Сондықтан да көктем мен жазда ескерткішке бару қиынға соғуы мүмкін.

 

Артефактілер мен қолжазбалар: Бұл жерден қапсырма элементтері, қола пластиналар, сәулеттік декор үлгілері, қола айна сынықтары, тарақтар, сырғалар, моншақтар, қытай тиындары, мылтық оқтары және т.б. табылған. Фотогалереяны қараңыз.

 

Ағымдағы жағдайды бағалау. Қызыл-Кент сарайы бүгінде Қазақстанның Қарағанды ​​облысындағы облыстық маңызы бар қасиетті объектілер тізіміне енген. Ескерткіш мемлекет қорғауында. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Казпроектреставрация институты 1986-1987 ж. археологиялық қазба жүргізгеннен кейін объект ішінара қалпына келтірілді және қазіргі сондай күйде сақталып қалған. 

 

Инвестиция бойынша ұсыныстар: Қызыл Кент - тартымды туристік бағыт. Бұл Қазақстандағы ойраттардың Будда архитектурасының ертеректегі үлгілерінен сақталып қалған аз жәдігерлерінің бірі. Объект Домолақтас тауының етегіндегі Кент тауларындағы көркем жерде орналасқан.

Бұл жерде сонымен қатар орта ғасырлар мен қола дәуіріндегі маңызды археологиялық объектілер, сондай-ақ қазақтың көне мазарлары, соның ішінде Үлкен Кент қонысы бар, оның аумағында 130 құрылыс ғимаратының қалдықтары сақталып қалған. Мұның бәрі Қызыл Кеніш ескерткіштер кешенін туристерге Кент тауларының, Домолақтас тауының көркем пейзаждарын көруге, Ойрат монастырінің қирандылары арасында қыдыруға, сондай-ақ Қазақстанның ежелгі тарихы туралы көбірек білуге ​​бірегей мүмкіндік беретін тартымды орынға айналдырады. Сонымен қатар, егер Абылай-Кит, Семей, Қоңыр Әулие және Қызыл Кеніш сияқты оюъектілерді бір маршрутқа біріктірсе, Қызыл Кеніш монастырінің қирандылары Ойрат әлеміне және Қазақстанның Буддистік географиясына арналған маршруттың бір бөлігі бола алады. Монастырьлердің қирандыларының қасында монастырьдің үлгісін салуға болар еді.

 

Ұсынылатын ақпарат көздері: 

 

Артыкбаев Ж. О. Кызыл-Кенчский дворец - малоизвестный памятник калмыцкой архитектуры в Центральном Казахстане // Монголика 2001.

Бейсенов А. З. Кызылкеныш. Комплекс памятников / Cакральная география Казахстана: Реестр объектов природы, археологии, этнографии и культовой архитектуры / Под общей редакцией академика НАН РК Байтанаева Б.А. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – Вып. 1. 464-473 б.

Ерофеева И. В. Ламаистский монастырь Кызылкент // Атлас репрезентативных памятников природы, истории и культуры Казахстана. Алматы, 2010. 

Ерофеева И. В. Памятники Тибетского буддизма середины XVII – первой половины XVIII века в Казахстане: новые исследования и находки // Научные чтения памяти Н.Э. Масанова. Сб. материалов научно- практической конференции. Алматы, 2009.

Кукеев Д. Г. Об оседлых поселениях на территории Евразии // Mongolica-XII. Сборник научных статей по монголоведению. Посвящается 130-летию со дня рождения Б.Я.Владимирцова (1884—1931). – СПб.: Петербургское востоковедение, 2014. – С. 26-35.

Ледебур К. Ф., Бунге А. А., Мейере К. А. Путешествие по Алтайским горам и джунгарской Киргизской степи. Отв. ред. О. Н. Вилков и А. П. Окладников. Новосибирск: «Наука», 1993.

Никитин В. П. Семипалатинская область / Записки Императорского русского географического общества. Том VIII, вып. 1 и 2.Новая серия. Труды отделения русской и славянской археологии. Книга первая. 1895. С-Петербург: Типография И. Н. Скороходова, 1896. С. 212-215.

Смаилов Ж. Е., Бейсенов А. З. Кызылкентский дворец (КызАулие) // Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прошлом и настоящем. Алматы, 2004.

Усманова Э. Р., Бедельбаева М. В. Ойратский монастырь Кызылкент в Центральном Казахстане: новые находки / Ойрад монголчуудын биет бус соёлын өв. Олон улсын эрдэм шинжилгээний V хурлын илтгэлийн эмхэтгэл. Улаанбаатар, 2017.

Чеканинский И. А. Развалины Кзыл-Кенш в Каркаралинском округе Казахской АССР // Записки Семипалатинского Отдела общества изучения Казахстана. Т. 1. Семипалатинск, 1929.

Чермак Л. К. Кзыл-кенчь (Киргизская легенда) / Сборник в честь семидесятилетия Г. Н. Потанина. С-Петербург: Типография В. Ф. Киршбаума (отделение), 1909. 211-218 б.

Черников С. С. Памятники архитектуры ойрат-калмыков // Записки Калмыцкого НИИЯЛИ. Вып. 1. Элиста, 1960.

 


Фотогалерея


Карта


Материалдар

Барлық материалдар келесі сілтеме бойынша қол жетімді

 

 

 

pkk.rosreestr.ru/arcgis/rest/services/PKK6/CadastreSelected/MapServer/export