Атауы: Абылай-кит (ойр. Аablaiin keyid). Сондай-ақ Ablaiin süm-e атауы да қолданылған. Бұл атаулар бейресми болуы әбден мүмкін. Ресми атауы дереккөздерде сақталмаған.
Объект түрі: Бекіністі будда монастырінің қалдықтары (ойр. šibētü süm-e).
Негізін қалаушы: Абылай-тайджи, XVII ғ. хошут руынан шыққан ойрат ақсүйегі. Тақырыптық картаны қараңыз. Ол хошут ірі ақсүйек Байбағастың кенже ұлы болған. Абылайдың анасы торғыттық Хо-Урлуктың қызы ойрат дереккөздерінде Сайхан-Дзуй-хатун атымен кездеседі. Абылайдың өмірі туралы көбірек білу үшін Жоба аясындағы мақала бөлімін қараңыз.
Негізі қаланған уақыт мен жағдайлар: Абылай-кит негізі 1652 жылы қаланған. Монастырьдің негізі қаланған уақыты бірқатар дереккөздерден белгілі. Сонымен, Абылай-тайджидің туысқан ағасы болып келетін, әйгілі ойрат будда қайраткері Зая-пандит Намха-Джамцо өмірбаяны «Ай сәулесінде» Абылай Зая-пандитті 1657 жылдың қысында қасиеттеу рәсімін өткізуге шақырғаны туралы баяндалады. Бұл дегеніміз, Абылай-кит құрылысы үш жылдың ішінде аяқталған. Дереккөз деректері бойынша, сумэ қасиеттеу рәсіміне мың монах қатысқан. Бұл сан буддистік шығармаларға тән асыра айтылған болуы әбден мүмкін, бірақ Аблайдың сумэ қасиеттеу рәсімі буддалық Ертіс өңірі үшін нақты оқиға болды деп болжауға негіз бола алады.
Монастырь құрылысы туралы маңызды дерек Ресейдің Қытайдағы дипломатиялық өкілі Федор Байковтың Мақалалар тізімінде келтірілген. Құрылыстың бастапқы кезеңі Байковтың елшілігінің келуімен тұспа-тұс келді, ол 1653 жылдың күзінің соңынан 1654 жылдың көктемінің басына дейін бірнеше ай Абылайдың ордасында болып, Абылай-кит құрылысының куәгері болған. Ғибадатхананың құрылысы уақыт бойынша Байковтың келуімен ғана емес, тұтастай алғанда Абылай-Тайджидің Мәскеу мен Цин империясы арасындағы дипломатиялық байланыстар мен сауданы дамытуда Ресей билігімен ынтымақтастығының басталуымен сәйкес келеді.
Сол жылдары Абылай моңғолдың суниттер тайпасын өзіне бағындырды, оның билеушілері маньчжурларға қарсы бас көтеріп, оңтүстік Моңғолиядан батысқа қарай 1646 жылы Алтын хандардың жеріне қашты.
Осы жылдары немесе бұдан сәл ертерек Абылай Бұхараға қарсы әскери жорықтар жасады, бұған оның ордасында тұтқынға алынған Бұхара дихандарының болуы дәлел бола алады. Сонымен қатар, оның елшісі Бахта Түмен билеушісімен болған келіссөздерінде Абылайдың «бүкіл қалмақ ұлыстары мен Бұхарада, және Қытайда даңққа бөленгенін ...» хабарлады. Бұл жағдай дипломатиялық қабылдау болуы мүмкін, бірақ жалпы Абылай ХVІІІ ғасырдың ортасында Хошут және, мүмкін, жалпы Ойрат ортасындағы көшбасшы болуға ниетеніп, бел шеше кірісіп, белсенді болған деп болжауға негіз бар. Абылай –кит тарихы туралы нақтырақ білу үшін Жоба аясындағы мақала бөлімін қараңыз.
Пайдаланылған кезең: 1652 – XVIII ғасырдың басы. Абылайдың монастырь салуға жіберген қомақты ресурстары, кітаптардың айтарлықтай қоры және ішкі сәндік бұйымдар Абылай –кит біраз уақыт Ертіс өңірінің маңызды буддалық орталығы болғанын көрсетеді.
Біз Абылай-китті Абылайдың өзімен жауласып өткен ағасы Очирту-тайжи басып алғаннан кейінгі және одан кейін Абылайға қайта қайтарылғаны туралы тарихынан нақты ештеңе білмейміз. Абылай Жайыққа қоныс аударып, оны қалмақ ханы Аюкой хан тұтқынға алғаннан кейін монастырь Очирту-Сецэн ханның қарамағына өтуі мүмкін.
Дереккөздерде Очирту-Сэцэн хан қайтыс болғаннан кейін және хошуттар Еділ бойы мен Кукунорға қашқаннан кейін Абылай-китке не болғаны жайлы еш нәрсе айтылмайды. Бұрынғы Хошут иеліктерінің барлығы 1676 жылы Галдан-Бошокту ханның қарамағына өткені анық.
Монастырь біраз уақыт монахтардың медитация орны ретінде қолданылды, бұл оның тарихи атауында – кит (хиид), яғни оңаша монастырь деген атауында көрініс тапқан.
XVIII ғасырдың 30-жылдарында, яғни Ертіс өңіріндегі Хошуттер үйі құлағаннан кейін бес онжылдықтан сәл асатын уақыт өткен соң, монастырьді зерттеген орыс солдаттары оны тек жартылай қираған күйде тапты. Бұл кезде монастырь кітапханасы, сонымен қатар ішкі безендіру элементтері әлі де қанағаттанарлық жағдайда болатын.
XVIII-XIX ғасырларда жергілікті халықтың ғибадатхананы үнемі тонауы нәтижесінде Абылай- кит түпкілікті құлдырады. XVIII ғасырдың басындағы Жоңғар хандығы орталығының Жетісу мен Шығыс Түркістан аймағына ауысуы Абылай-китті біртіндеп қаңырап бос қалуға әкеп соғуы мүмкін.
Негізгі қызметтері: ғибадатхана, будда стационарлық монастырі, шеберхана, мектеп.
«Ай сәулесінің» авторы Абылай салдырған монастырь туралы сөз еткенде сумэ сөзін қолданады. Ол монастырьге телінген кит (хиид) терминін қолданбайды. Мұндай алшақтықтықта қандай да бір мән болуы мүмкін.
Моңғол буддизмінде сумэ термині монастырь деп қабылданады, онда монахтар тұрақты түрде өмір сүрмеуі мүмкін, бірақ белгілі бір уақытта күнтізбелік рәсімдерді өткізу немесе құлшылық ету үшін келген болу керек.
Хийд термині аздаған монахтардың елден бөлініп, тұрақты өмір сүретін мекені- скит дегенді білдірді, олар мұнда оңашада буддистік практикамен айналысқан. Бұл терминдерді қолдануда қатаң тәртіп болмаса да, оларды бір-бірімен алмастыруға болатындығына қарамастан, бастапқыда көшпелі Зая -пандита монастырінің жүйелі рәсімдерін өткізуге арналған орын ретінде құрылған Абылай монастырі ақыр соңында монахтардың шағын тобы үшін шөл даладағы скитке айналған болуы мүмкін деп болжауға болады.
Діни бағыты: Тибеттік Гелукпа дәстүрінің буддизмі (Tib. Zhwa ser ) немесе сары қалпақтылар дәстүрі (Tib. Zhwa ser), оның негізін белгілі Буддизм ойшылы Дже Цонгхапа Лобсан-Дакпа (1357-1419) қалады. Гелукпа - XVI ғасырдың соңынан бастап моңғолдар мен ойраттар ортасында кең таралған тибеттік дәстүр. Тақырыптық карталар бөлімін қараңыз.
Негізгі қызықты жері: Орталық ғибадатхана және кітапхана. Сонымен, 1734 жылы Өскемен бекінісіне барып, Абылай-китті зерттеуге урядник бастаған солдаттардың шағын отрядын жіберген Миллер мен Гмелиннің сипаттамаларына сәйкес негізгі ғибадатхана аумағында қираған кітапхана табылды. Қалған қолжазбаларды, олардың айтуынша, 10 атпен де алып кету мүмкін болмаған.
Жоспары: Павильон, ғибадатхана, шеберхана, тұрғын үй, негізгі оңтүстік және қосымша шығыс кіреберістері бар қамал қабырғасы. Монастырь қоршауының ішінде әр түрлі көлемдегі төрт ғимарат салынған. Көлемі 45х20 м болатын басты ғибадатхана 80х45 м биік платформада тұрды, оның оңтүстік жағында биік баспалдақ жапсарласа орналасты.
Платформада екі деңгейлі ғибадатхананың өзінен басқа ғибадатхана алды павильоны сияқты нәрсе салынған. Бас ғибадатхананың батысына қарай шағын шеберхана, ал солтүстік-шығысқа қарай монахтар үшін өте кең тұрғын жай орналасты.
Ғибадатхана кешенінің қабырғалары жабынышпен қапталған болса керек. Павильонның, ғибадатхананың және тұрғын жайдың ішінде тас тұғырда ағаш бағаналар болған; пешпен жылытылған; бекініс қабырғасы ауыр өңделмеген табиғи тастардан тұрғызылған. Дрон арқылы түсірілген сурет бөлімін қараңыз.
Ландшафттың ерекшеліктері: Монастырь батыс және солтүстік жағынан табиғи қорғаныс қызметін атқарған жартасқа іргелес жатыр. Монастырдың жоғарғы бөлігінде тұщы сулы шағын көл бар. Шығыс жақтағы қабырғасының артында шағын тоғай бар. Монастырьден оңтүстік-шығысқа қарай бір шақырым жерде жартас массивінің артқы жағында бес Сібе көлдерінің біріншісі - Садыркөл орналасқан. Дрон арқылы түсірілген сурет бөлімін қараңыз.
Қазіргі кездегі жағдайы: Монастырьден тек ғимараттың іргетасы, бекініс қабырғасының бір бөлігі, бағаналар мен пештердің тұғырлары ғана қалған. 2018 жылы монастырь аумағында археологиялық қазбалар жүргізілді. Фотогалереяны қараңыз.
Қауіп-қатер: Объектіні заңсыз әрекет ететін археологтар тонап кете ме деген қауіп бар; жабайы туристер немесе бұзақылардың қалған құрылымдарды бұзу қаупі де жоқ емес.
Ең жақын елді мекен: Объект Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Алғабас ауылының солтүстік-шығысында 1,5 шақырым жерде орналасқан. Бұл- шағын елді мекен (шамамен 100 үй), мектеп, пошта және бірнеше шағын азық-түлік дүкендері бар. Жерсеріктік картаны караңыз.
Басқа объектілер : Оңтүстік-шығыс жағында бір шақырым жерпде «Сибины» демалыс орталығы орналасқан. Жерсеріктік картаны караңыз.
Жолы: Алғабас ауылы арқылы қатты R-158 жабыны бар трасса өтеді, оны Сібе көлдеріндегі демалыс орталықтарына келетін туристер үздіксіз пайдаланады. Объектінің өзіне Алғабас ауылынан шығатын қара жол апарады, ол Аблайкетка (Бешка) өзенімен, батпақты жерлер арқылы өтті. Көктемнің соңында мұнда жүру қиынға соғады. Садыркөл көлінен шығатын жаяу жүргінші жолы бар.
Артефактілер мен қолжазбалар: Табылған будда өнері үлгілері мен қайың қабығындағы Ойрат қолжазбалары, сондай-ақ Тибет және Ойрат тілдеріндегі буддалық канондық еңбектердің сақталып қалған парақтары Ресей Ғылым Академиясының (Санкт-Петербург) Шығыс қолжазбалары институтының және Өскеменнің аймақтану музейінің қорларында сақталып тұр;
XVIII-XIX ғасырларда табылған артефактілердің көпшілігі Кунсткамерада сақталған және өрт салдарынан қалпына келтірілмей жоғалған. Қолжазбалар бөлімін қараңыз.
Ағымдағы жағдайды бағалау. Абылай-кит бүгінде аймақтық маңызы бар қасиетті объект мәртебесіне ие, дегенмен оның сақталу дәрежесіне, тарихи, мәдени және діни маңыздылығына қарағанда ол ұлттық деңгейдегі қасиетті орындардың қатарына қосылуы керек. Ескерткіш мемлекет қорғауында.
Абылай-кит монастырінің қазба жұмыстары 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Шығыс Қазақстанда археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған бағдарламасы» деп аталатын құжат аясында қайта басталды. Бағдарлама облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерін тарихи-археологиялық түрғыдан зерттеуге бағытталған. Ескерткіштегі археологиялық жұмыстарға тапсырыс беруші «Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау мекемесі» КММ, ал олардың орындаушысы «Археологиялық сараптама» ЖШС болды.
Инвестиция бойынша кеңестер: Абылай-кит - бұл бүкіл Қазақстандағы ең тартымды туристік және ғибадат ететін орындардың бірі. Абылай-кит Қазақстаннан тыс жерлерде, негізінен Қазақстанмен іргелес Ресей облыстарында танымал. Ол Сібе көлдеріне дем алуға келгендермен қатар, осы монастырды көру мақсатымен келгендерді де қызықтырады. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені Қазақстандағы барлық буддалық объектілердің ішінде ең жақсы сақталғаны- дәл осы Абылай-кит, ал монастырьдің бұрынғы сән-салтанатынан қалған нәрсе оның масштабын елестетуге мүмкіндік береді.
Абылай-кит Қазақстандағы буддалық мұраларға, қазақ-ойрат соғыстарына немесе Жібек жолына қатысты туристік маршруттардың негізгі буыны бола аларлықтай, өйткені Абылай-кит Қытайдан Ресейге дейінгі сауда жолының маңызды логистикалық пункті ретінде ойластырылған болатын. Ол үшін Абылай-киттегі археологиялық зерттеулерді аяқтау қажет. Содан кейін Питер Симон Палластың салған суреттерінде сақталған монастырьдің бұрынғы бейнесін ішінара қалпына келтіруге қаражат салуға болады. Болашақ инвесторлар жақын маңдағы Алғабас ауылынан шығатын жолдың бөлігін салуға және осы аймақты жақсартуға қаражат салуы қажет: монастырь аумағында және жақын жердегі тау сілемдеріне соқпақтар салу керек. Монастырь аумағының ең биік нүктелерінен қарағанда іргелес жатқан жазықтыққа керемет көрініс ашылады. Маршрут көлдің жанынан және бекініс қабырғасының қалдықтарын бойлай өте алады. Монастырьдің бүкіл аумағын қарап шығу 4-5 сағатқа созылуы мүмкін және белгілі бір физикалық дайындықты қажет етеді, сондықтан жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, соқпақтар мен баспалдақтар салу қажет.
Бас ғибадатхананың қалпына келтірілген ғимаратында Ойрат және Тибет буддалық қолжазбаларының үлгілері, оның ішінде осында табылған және қазір Ресей Ғылым академиясының Шығыс қолжазбалары институтында сақталып тұрған будда Ганджуры немесе буддистік канондық шығармалардың тибеттік жинағының парақтары қойылатын шағын көрме залын орналастыруға болар еді. Көрмеден қайың қабығына жазылған жазбалар мен басқа да артефактілер бастапқы күйінде немесе олардың көшірмелері түрінде орын алар еді. Сонымен қатар, көрме келушілерге Шығыс Қазақстан ойраттарының тарихы, олардың буддалық мәдениеті туралы, сондай-ақ осы жерден табылған заттардың еуропалық шығыстанудың дамуына қалай әсер еткендігі туралы айтып бере алар еді.