Аккөл мешіті. Паспорт объекта


 

- Толық сипаттама

- Фотогалерея

- Қолжазбалар

- Карта

- Материалдар

 


Толық сипаттама

Атауы: Аккөл мешіті (тат. Акколск мэчете), тарихи атауы Аққолтық мешіті.

Объект түрі: Ескі мешіт ғимараты, жартылай қираған,  есік-терезесі жоқ, шатыры қираған дерлік. Мұнарасы қатты қисайған.

Негізін қалаушы: Мешітті Семейлік татар көпесі Мұхаммед Вали Хамитов қаржыландырды. Мешітті салған - Муталлап Фазылбеков (1874-1937), өзінің әкесі Сұлтанғали Фазылбековпен (1847-1912) бірге салуы мүмкін. Мешіт салынып біткен соң, Вали Хаджи Хамитов Муталлапқа оның жұмысына алғыс ретінде алты орындықпен бірге ағаш үстел сыйлаған. Фазылбековтер отбасының отбасылық мұрағатына сәйкес Муталлап пен Сұлтанғалидың атасы Нығматулла Сайфулла-ұлы Фазылбек 1812 жылы Аққолтық ауылының негізін қалаған. Нығматулла Қазан провинциясының тумасы болған. Нығматулланың әкесі Семейге одан ертерек, Екатерина II кезінде келген болса керек. Басқа адамдар сияқты ол да Қазан провинциясынан солдаттан (әскери қызметтен) қашу үшін кетіп қалса керек. Осылайша Фазылбековтер отбасы осы ауылдың негізін қалап, тамыр жайды; отбасы айтарлықтай өсті және Аққолтық ауылының құрметті отбасыларының бірі болды. Бүгінгі таңда Семейде осы әулеттің әр түрлі буынынан бірнеше мүшесі тұрады. Ақкөл ауылының қабірінде Фазылбеков (а) есімі бар құлпытастардың көп мөлшерін кездестіруге болады.

Негізі қаланған уақыт: Ақкөл мешіті 1851 жылы салынған. Ғимарат өрттен қираған болуы мүмкін. Мешіт 1904 - 1907 жылдар аралығында салынған. 1851 жылы мешіттің негізінің қалануы Семейдегі татар мұсылман қауымының дамуы мен қанат жаюы деп түсіну керек. Қазақ даласының солтүстік-шығысындағы мұсылман діни мекемелерінің тарихымен тығыз байланысы бар. Бұл мешіттің тарихы қазақ даласындағы татар қоғамының тағдырымен байланысты.

Семей мен оның төңірегіндегі татар қауымдастығының бастауы XVIII ғасырдың екінші жартысынан, Ресей империясының шығысқа кіруінен басталады. Ертіс бойында бекініс ретінде негізі қаланған Семей тез арада маңызды әкімшілік, саяси және экономикалық орталыққа айналды. Қаланың сауда жолдарындағы стратегиялық орналасуы оны Ресейді Орта Азиямен, Қытаймен, Моңғолиямен және Тибетпен байланыстыратын негізгі сауда орталықтарының біріне айналдырды. XVIII  ғасырдың аяғынан бастап қалаға Орта Азия тұрғындары (сарттар), орыстар, сондай-ақ түрлі санаттағы татарлар көптеп келе бастады. Соңғыларының арасында саудагерлер мен кәсіпкерлер, әскери міндеттен немесе ауыр салықтардан жалтарушылар, сондай-ақ   қазақ даласына жай ғана жақсы өмір іздеп келгендер болды. Ресей империялық билігінің империяның шығысындағы консолидация процесі Семейде татарлардың қоныстануының артуынан және көптеген мешіттер мен медреселердің салынуынан көрінді. 

Семейде татар тұрғындарының санының артуы кезінде татарлар ауылға да қоныс аударып, ауыл шаруашылығымен айналыса бастады. Олардың арасында Нығматулла Сайфуллаұлы Фазылбек сияқты қашқын татарлар көп болды, олар мұнда босқын ретінде келіп, татар ортасына сіңді немесе қазақ даласында үкіметтен жасырынып қалды. 

Олардың кейбіреулері жергілікті қазақ әйелдерімен некеге тұру арқылы, не орыс шенеуніктерінің тіркеу актілері арқылы шала-қазақ деп аталатын мәртебеге ие болды. Шала-қазақтардың мәртебесі оларды жанбасылық салық төлеуден және әскерде қызмет етуден босатты. Осылайша, Семей облысында бірнеше татар ауылдары - Башкүл, Аққолтық, Карамырза, Изятулла, Абсалям, Зубайыр, Сары-Ноғай, Букер және басқалары құрылды.

Діни қайраткерлер: Фазылбековтардың отбасылық мұрағатында Кеңес дәуірінің соңына дейін, яғни 1989 жылға дейін Ақкөл  мешітінде қызмет еткен имамдардың тізімі бар. Бұл тізім исламдық тәжірибенің бүкіл Кеңес өкіметі кезінде жалғасқанының және мешіт ресми түрде жұмыс істемесе де молдалардың діни жораларды жасағанының ерекше дәлелі.

Алғашқы екі имам - Камаледдин Мұхамедрахимұлы және Джамаледдин Сиражетдин-ұлы дегендер болды. Өкінішке орай, тізімде есімдерден басқа басқа ақпарат берілмеген. Үшінші имам Фахраз Ғабделхади-ұлы 1904 жылы Қазаннан келіп, 1912 жылы қайтып кетті. Төртінші имам Сәлімжан Ашрафұлы, ол 1912-1925 жылдар аралығында молда болған. Ол да Қазаннан келіп, 1925 жылы сол жаққа қайта оралды.

Сақталған мәлімдеме бойынша, Салимжан Шарифуллович Файзуллин 1914 жылдың 10 наурызынан бастап осы мешіттің имамы болған және кейінірек Белебей кантонына көшірілген. Бұл мешіт туралы мәлімдемеде 1921 жылы Абдуллатиф Исмагилов Акзигитов муаззин болып тағайындалғандығы көрсетілген. Осы қысқаша ақпараттан көріп отырғаныңыздай, Қазан мен Семей уезі (тіпті оның ауылдық бөлігі) арасында мұсылман ғалымдарының арасында үнемі байланыс және алмасу болып отырған. 

Бесінші имам Мұхаммед Зариф Ғалиакбар-ұлы Мусин жергілікті ғалым болған. Ол Аққолтыққа 1925 жылы Башкүл ауылынан келіп, 1929 жылға дейін қызмет етті. 1925 жылы наурызда Башкүлде қатты өрт болды, сол себепті ол Башүлдан кетіп, Аққолтыққа келді. 1929 жылы ол кулак ретінде айыпталып, 5 жылға жер аударылды және мүлкі тәркіленді. Алтыншы молда, Фазылбековтардың отбасылық мұрағатындағы мәліметке сәйкес, Шәкір Вали-ұлы Галиев болған. Оның немере қызы, Жыланды ауылының тұрғыны Руфия Хайбуллина бұл оның әкесі жағынан атасы, Шәкір Гайфулла-ұлы Хайбуллин деп түзеді. Ол берген ақпаратқа сәйкес, Шәкір жергілікті тұрғын болған, Семейдегі медресені бітірген және мұсылмандық дәстүр бойынша өте сауатты болған. Ол имамдық қызметті соғыс басталмай түрып- ақ бастайды және шамамен 1967 жылға дейін қызмет етіп, көрші Жыланды ауылына көшеді. Жетінші және соңғы имам 1974-1989 жылдар аралығында молда болған Рашид Ғабдолла-ұлы Фазылбеков болды. Руфияның еске түсіруіне сәйкес, Рашид-бабайдан кейін Хусаин-бабай (ол Жыланды ауылында бейресми молда болған) мерекелік дұғалар (гает) оқып тұрған, «одан кейін ешкім болмады; ол соңғы мерекелік дұғаларды оқыды».

Мешіт шырақшысы:  Ресми және бейресми молдалардан басқа, шамамен 2000 жылдардың ортасында, мешіттің шырақшысы болды, ол- Гүлшира Сайдахмет-қызы Сапариева (1941 ж.т.) Бала кезінен Ақкөлдің тұрғыны, ол басқалар сияқты ауылдан кетпеді. Ақкөлдің қайтыс болған тумаларының ұрпақтары зиратқа туыстарына келген кезде немесе кездейсоқ қонақтар мешітті көруге келгенде, олар әдетте оның есігін қағады, ол келгендерді мешітке және зиратқа апарады да, қайтыс болған жандарды еске алу үшін Құран оқиды.

Ғимаратты пайдалану кезеңі: 1907-1920 жж. Осы жылдары мешіт ғимараты мешіт ретінде пайдаланылды. 

Негізгі қызметтері: мешіт, намазхана, мектеп. Мешіт пен тағайындалған молданың болуы арқылы ер балаларға сабақ беру үшін мұсылмандық бастауыш мектеп болғанын болжалдауға болады. Еділ-Орал аймағы мен Солтүстік Қазақстандағы исламдық мекемелердің тарихи дәстүрі бізге мұсылмандар арасында дамыған білім жүйесінің бар екендігін көрсетеді. Әдетте молда махалла ер балаларына білім берумен айналысатын, ал мектеп мешітте болатын. Дәстүр бойынша, қыздарға білім берумен  молданың әйелі- абыстай айналысатын. 

Шығыс Қазақстанда Кеңес өкіметінің нығаюына байланысты басқа көптеген мешіттер сияқты Ақкөл мешітінің де тағдыры қатты өзгерді. 1920- жылдардың соңында мешіт ғимараты жабылып, мұнарадан ай алынып тасталса керек. Мешіт ғимараты әр жылдары бастауыш мектеп пен мәдениет үйі ретінде пайдаланылған, онда адамдар фильмдер көретін. Ауыл кеңестік колхозға айналды, ал колхоз әкімшілігі мұсылман қауымының өмір сүріп, күн көруіе басқаша жағдай жасады. 

 

Діни бағыт: ислам, ханафи мазһабы.

Қазіргі кездегі жағдайы: Мешіт көптен бері мешіт ретінде қызмет атқармайды. Кеңес заманында мешіт ғимаратында әр жылдары кеңестік мектеп пен клуб жұмыс істеген. Ғимарат қирап, мұнарасы қисайып, құлауға шақ қалған. Оның осы күнге дейін қалай тұрғаны жайында аңыздар туған. 

Ең жақын елді мекен: Объект Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Ақкөл ауылында орналасқан. Ауыл тарап, бүгінде бірнеше үй ғана қалған. Бұл ауылдан алыс емес жерде Жыланды ауылы орналасқан. Ақкөлдегі  колхоздың біртіндеп ыдырауына байланысты ауыл тұрғындары Ақкөлден Жыланды ауылына жылжи бастады. Басқалары қалаға кетті. Бұл уақытта бұрын шағын ауыл болған Жыланды ауылы үлкейіп, тіпті мектеп-интернат та болған. Ақкөлде тек бастауыш мектеп қана болды, ал ата-аналары балаларын оқуын жалғастыру үшін Жыландыға жіберуге мәжбүр болды, көп ұзамай өздері де сол жаққа қоныс аудара бастады.

Инвестиция жөнінде ұсыныстар: Ақкөл мешіті Семей тұрғындары үшін, әсіресе татар қоғамы үшін тарихи, мәдени және діни мұра ретінде үлкен маңызға ие. Мешіт пен оның тағдыры Семейдің татар қоғамын біріктіреді. 

Қоғам мешітті қалпына келтіру мәселесін бірнеше рет көтерді. Мешіт Семейдің орнына таяуда Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болған Өскеменнің Шығыс Қазақстан тарихи-өлкетану музей-қорығының қарамағына беру туралы пікірталастың тақырыбына айналды. Мұражай басшысы Н.А.Зайцев Ақкөл мешітін бөлшектеп, оны мекеме аумағына көшіріп, адамдар осы тарихи ескерткішті көре алатындай етіп қайта қалпына келтіруді ұсынды.

Алайда Ақкөлдегі, басқа ауылдарда және Семейде тұратын татар қауымы бұл шешіммен келіспейді. Бұл адамдар үшін мешіт, зират және бүкіл мәдени ландшафт тұтасымен олар үнемі барып тұратын қасиетті орын болып саналады. Мешіт осы жердің, ауылдың және жергілікті зиратта жерленген адамдардың тарихымен тығыз байланысты. Адамдар туыстарының қабірлеріне зиярат етуге келеді және әрдайым олар үшін қасиетті саналатын мешітке соғады. Олардың ойынша, мешітті оның қазіргі орнында қалпына келтіру қажет. Шынында да, Ақкөл мешіті - бір кездері Ақкөлде өмір сүргендердің ұрпақтарын  байланыстыратын қасиетті орын. Бұл Семейдегі және басқа тарихи татар ауылдарындағы татар мешіттерінің бірі, сондықтан Қазақстанның солтүстік-шығысындағы мұсылман мекемелерінің ауқымдырақ кешенінің бөлшегі болып табылады.


Фотогалерея


Карта


Қолжазбалар

Munajaat-i Ibrahim Hakki
Fatawa
Pirnama

Қосымша қолжазбаларды мына жерден табуға болады.

Материалдар

Барлық материалдар келесі сілтеме бойынша қол жетімді

 

 

 

pkk.rosreestr.ru/arcgis/rest/services/PKK6/CadastreSelected/MapServer/export